Пандемия кезінде қалалық мобилділіктің өзгеру мониторингі көпшілікке жарияланды

14.12.2020

Цифрландыру басқармасы Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) және Habidatum компаниясымен бірлесіп, пандемия кезінде Алматы қаласының мобилділік өзгерістері мониторингісінің көпшілік картасын іске қосты.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев пен IFC аймақтық өкілдігінің басшысы Кассандра Колберт айтты.

Алты айлық жобаның мақсаты қала тұрғындарының пандемияға дейін және пандемия кезіндегі белсенділігіне баға беру, сонымен бірге қоғамдық кеңістіктер мен көліктік инфрақұрылымды жоспарлауда, коммерциялық нысандар мен жаңа бизнесті дамытуда қажетті өзгерістердің ұзақмерзімді мүмкіндіктерін қарау болды. Жоба бойынша жұмыстар «IFC Қалалар» бағдарламасының гранттық қаражаты есебінен жүргізілді.

11 дерек көз пайдаланылды, оның ішінде GPS-брокерлер, HERE/Google/Яндекс, OSM, Hatch, Strava, Almaty Bike деректері бар. Талдау пандемия кезінде маңызды бірегей метрикалар бойынша жүргізілді: жердің маңыздылығы, қала тұрғындарының нақты локациядағы белсенділігінің төмендеуі/артуы, пандемия кезінде қала аудандарының орталықтылық/маңыздылық индексі, әртүрлі аудандардағы коммерциялық функциялардың қолжетімділігі/тапшылығы, көше-жол желісінің байланыстылығы, велоқозғалыс жайлылығының интегралды индексі, көлік хабтарының типологиясы, шағын және орта бизнес үшін әлеуетті «өсу нүктелерін» анықтау.

Алматы вело-қоғамдастығымен бірлесіп, қаланың болашақ велостратегиясы бойынша жобалық команданың жұмысы қалалық инфрақұрылымды жоспарлауға елеулі үлес қосты. Нәтижесі Almaty Bike пайдаланушыларының ең көп сұранысқа ие велобағыттарын модельдеу болды, бұл қаланың веложолдар/веложолақтар желісін әзірлеу кезінде жақсы негіз болады.

Гео-кеңістік деректерін қала тұрғындарының пайдалануын ынталандыру үшін жоба серіктестері тұрғындардың кеңістікпен қарым-қатынасы түбегейлі өзгерген COVID-19 кезеңінде қалалық мобилділіктің өзгеруін көрсететін көпшілік картаны іске қосты. Бұл құрал мобилділіктің өзгеруі туралы тарихи деректерді қарауға, оларды қала инфрақұрылымын дамыту туралы шешім қабылдау кезінде сараптама дайындау үшін пайдалануға мүмкіндік береді.

Алматы қаласы Цифрландыру басқармасындағылар халық мобилділігінің мұндай мониторингі деректерді талдау негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қала әкімшілігі мен кәсіпкерлерге де, өз ауданы немесе бүкіл қала деңгейіндегі жағдайды мониторингілеу және талдау, оның ішінде күнделікті белсенділікті жоспарлау үшін қала тұрғындарына да пайдалы екенін атап өтті. Сонымен бірге ұсынылған дата-сеттер зерттеу орталықтары мен университеттерге пандемияның салдарын егжей-тегжейлі зерттеу және бейімделу шараларын әзірлеу үшін мәліметтер бере алады.

Жоба нәтижелері, Almaty Mobility Monitor көпшілік интерфейсі мен тиісті дата-сеттер digital-almaty.kz сайтында қолжетімді.

Анықтама:

Жоба Алматы қаласының әкімдігімен бастамасымен Швейцарияның экономика жөніндегі Мемлекеттік хатшылығымен (SECO) және Австрияның Федералдық Қаржы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылатын Еуропа және Орталық Азия аймағындағы IFC «Қалалар» бағдарламасымен ынтымақтастықта іске асырылды.

Дүниежүзілік банк тобының құрамына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) дамып келе жатқан нарығы бар елдерде жеке сектормен жұмыс істеуге маманданған, дамуға жәрдемдесудің ірі жаһандық мекемесі болып табылады. IFC дамушы елдерде нарықтар мен мүмкіндіктер жасау үшін өз капиталын, сарапшылық білімі мен ықпалын пайдалана отырып, 100-ден астам елде жұмыс істейді. 2020 қаржы жылында IFC жалпы әл-ауқатты жедел арттыру мақсатында дамушы елдердегі жеке компаниялар мен қаржы мекемелеріне 22 млрд $ көлемінде инвестиция жұмсады.

Дерек көздер туралы

Almaty Mobility Monitor көпшілік интерфейсі өзінің геолокациясы туралы ақпаратпен бөлісуге келіскен азаматтардың мобильді қосымшаларынан жиналған агрегатталған GPS-деректерге негізделген. Мәліметтерді GPS сигналдарын, Wi-Fi-қосылу және ұялы сигналдарды біріктіретін бағдарламалық жасақтама көмегімен деректер брокерлері жинайды.

GPS деректер кеңістіктегі детализация бойынша бірегей және үздіксіз. GPS-тің басты артықшылығы - ғаламдық сипатында, бұл қалалар мен елдерді бір-бірімен салыстыруға мүмкіндік береді. Almaty Mobility Monitor үшін GPS-деректерді өңдеу құпиялылықтың барлық тиісті стандарттарына сәйкес келеді. Ашық интерфейс үшін тек агрегатталған деректер қолданылады, бұл анонимділікке кепілдік береді - деректерді басқа деректер жиынтығымен салыстырған кезде де сәйкестендіру мүмкін емес. Сервис пайдаланушылар деректерінің қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ететін агрегатталған деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі